Құрылыс жұмыстары екі учаскеге бөлінген. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстарының 75%-ы орындалды. Нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге 393 бірлік арнайы техника мен 594 жұмысшы жұмылдырылған.
— Бүгінге дейін 4 млн 100 мың текше метр жер жұмыстары орындалып, 48 су өткізу құбыры салынды. Сонымен қатар 69 шақырым учаскеде топырақтың құнарлы қабатын алу жұмыстары жүргізілді. Құрылыс барысын қажетті материалдармен қамтамасыз ету мақсатында 25,5 мың тонна құм-қиыршықтас қоспасына, 8,5 мың тонна қиыршықтасқа және 3 мың текше метр темірбетон бұйымдарына тапсырыс берілген, — деп хабарлады жол компаниясынан.
Қазіргі уақытта топырақ және тас карьерлерін анықтау, оларды игеруге қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, өндірістік базалар мен вахталық қалашықтарды орналастыру, асфальтбетон зауытын дайындау және ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары атқарылып жатыр.
Жоба аясында 8 көлік айрығын, 6 жол өтпесін, 37 көпірді және 190 су өткізу құбырын салу көзделген. Бұл жол бойындағы көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба зор стратегиялық маңызға ие. Сарыағаш қаласының айналма жолы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық көлік қатынасын дамытуға, транзиттік жүк тасымалының тиімділігін арттыруға және еліміздің логистикалық әрі транзиттік әлеуетін нығайтуға серпін береді.
Сонымен қатар, айналма жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін қала арқылы өтетін транзиттік көлік ағыны жаңа бағытқа көшіріледі. Нәтижесінде қала ішіндегі көлік жүктемесі мен кептеліс деңгейі айтарлықтай төмендеп, жол жүру уақыты қысқарады. Төрт жолақты жаңа автожол көлік өткізу қабілетін арттырып, қозғалыс қауіпсіздігін жақсартуға ықпал етеді.
Айта кетейік, Қазақстанда биыл 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы қайта жаңғыртудан, күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға, жергілікті жолдардың үлесін 92 пайызға жеткізу жоспарланған.