Сарқылатын кеніштерден 2045 жылға дейін мұнай алуға болады

Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Қоғам талқысына шығарылған жаңа Салық кодексінің жобасында сарқылып бара жатқан мұнай-газ кеніштерін игеріп жатқан компанияларды жер қойнауын пайдалану салығынан босату ұсынылып отыр. Энергетика министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта мұндай бастаманың қайдан пайда болғанын түсіндірді.

«Бүгінде игеріліп жатқан көмірсутек кен орындарының көпшілігі XX ғасырдың басында және ортасында ашылған, игерудің соңғы сатыларында (III–IV сатылар) тұр. Таяу онжылдықта мұндай кен орындарының көбінің толық тоқтау ықтималдығы бар. Өйткенi олардың одан әрi жұмыс iстеуi ұзақмерзiмдi инвестиция салғанда ғана мүмкiн болады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2021 жылы шетелдік инвесторлар кеңесінде Үкіметке ескі мұнай кен орындарын өндіруді қолдау және тиімді пайдалану бағытында шаралар әзірлеуді тапсырды. 2024 жылғы ақпанда Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске сарқылып бара жатқан кен орындарының өлшемдерін және оларды ынталандыру шараларын айқындау жөніндегі өзгерістер қолданысқа енгізілді», — деп түсіндірді министрлік.

Бұл компаниялар салықтан босатылғанмен мемлекеттен қосымша міндеттемелер алады.

Бұдан әрі сарқылып жатқан кен орындарына салықтан үнемделген қаражатты өзі игеріп жатқан кен орнын дамытуға кері инвестициялау шартымен, яғни кіріс пен дивиденд төлемей-ақ жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты қолдану немесе оны жергілікті бюджеттерге аудару құқығын беру ұсынылады.

«Қысқа мерзiмдi кезеңде балама салық қолдануға байланысты салық түсiмдерiнiң төмендеуiне қарамастан, өндiрудiң қосымша көлемдерi, кен орнын игеру мерзiмiнiң ұлғаюы және тиiстi мультипликативтi әсер бюджетке қосымша түсiмдер әкеледi. Осылайша сарқылатын кен орындарын қолдаудың көрсетілген тетігін енгізу осындай кен орындарында өндірудің өмірлік циклін 10-25 жылға ұзартуға, 2045 жылға қарай шамамен 60 млн тонна мұнай өндіруге, ағымдағы жұмыс орындарын және қолданыстағы инфрақұрылымды сақтауға мүмкіндік береді», — деп жазылған ресми жауапта.