Сәрсенбі күні Қазақстанның 10 өңірінде қатты ыстық болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты күтілуде, өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Батыста, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста ғана күн ашық болады. Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, күндіз Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, түнде Алматы облысында кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, шаңды дауыл борайды. Күндіз Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, облыстарында, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде аптап ыстық болады. Республиканың оңтүстігінің, батысының, солтүстік-батысының, солтүстігінің, оңтүстік-шығысының және орталығының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.