Сарыағаш ауданында «Халықтық кеңсе» ашылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Сарыағаш ауданында «Халықтық кеңсе» ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімі Мұхит Отаршиев қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан тұрғындарына қолжетімді, ашық және жедел қызмет көрсететін ашық кеңістіктегі жаңа нысанда 7 дербес бөлім бар. Атап айтсақ, білім, жер қатынастары, ауыл шаруашылық, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, экономика және қаржы, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары халыққа қызмет көрсетеді.

Кеңседе 90 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, тұрғындардың кедергісіз қызмет алуларына жағдай жасалған. Сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алуға, жәрдемақы тағайындауға өтініш, тұрғын үй кезегіне тіркелу, жер, үй құжаттарын заңдастыру, халыққа қызмет көрсету орталығына брон жасауға көмек беретін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Ауданның игілігіне берілген халықтық кеңсе алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландырып қана қоймай, жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен ашықтық қағидатына негізделе отырып жұмыс жасауына ықпал етпек.