Сарыағаш ауданында көмекке мұқтаж 100 отбасыға азық-түлік таратылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланғалы бері Сарыағаш ауданында түрлі жобалар мен акцияларды қолдап, қайырымдылық көрсетіп жатқан жомарт жандар көбейіп келеді. Жақсылыққа жаны құмар осындай азаматтар шекаралы аудандағы аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау білдіріп, азық-түлік себеттерін үлестіруде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рамазан айындағы игілікті істен аудандық мәслихаттың депутаты да шет қалмады.

«Nur Otan» партиясының фракция мүшесі Жомарт Абдібаев Елбасының бастамасымен қолға алынған «BIZBIRGEMIZ» республикалық акциясы аясында Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарына қол ұшын созды. Халық қалалаулысы аудандық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастарымен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, көпбалалы және тұрмысы төмен мұқтаж 100 отбасыға азық-түліктер жеткізіп берді. Өз кезегінде көмек алған жанұялар қайырымдық шарасын ұйымдастырушыларға ізгі тілектерін білдіріп, алғыстарын жеткізді.