Аудан әкімі көпбалалы аналарға алтын және күміс алқа табыстады. Оларға гүл шоқтары мен бағалы сыйлық берілді. Мұхит Отаршиев өз сөзiнде адамзат баласына өмiр сыйлаған әйел қауымының қоғамда, отбасында алатын орнына тоқталды. Аналардың мерекесi-өмiрдегi ең бiр шырайлы, жүректерге нұр құятын мереке екендiгiн айтып өтті. Елiмiзде анаға деген құрметтiң маңызын, дамуына өлшеусіз үлес косып келе жатқан аналарымызға ізгі тілегін жеткізді.
«Көктемнің шуақты сәті әйел-аналарымыз бен аруларымыздан бастау алады. Ізгі ниет пен сұлулыққа, сырбаз сезім мен сыйластыққа толы осы күн жан-дүниені жадыратып, жүректерге жылу береді. «Әлемдегі әсемдік пен сұлулық әйел көркі мен ана мейірімінен нәр алады» деген даналық сөз бар. Расында адамзат өмірінің іргетасы әйелдің қолымен қаланады. Әйел қолында тіршіліктің шырайы, отбасының шырағы бар. Сондықтан ерді үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Тағылымды тарихымыз қайраткерлік қасиет қонған аналардан кенде болған емес. Ұланғайыр далада ұрпақ мақтанышына айналған талай ұлағатты аналар өткені белгілі. Бұлардың өшпес өнегесі мен өлмес дәстүрі жаңа Қазақстанда жалғасын тауып келеді. Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт, игілік тілеймін!», - деді Сарыағаш ауданының әкімі.