Сарыағаш қаласында перинаталды орталық салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысына қарасты Сарыағаш қаласында перинаталды орталық салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс үшін маңызды нысан – Сарыағаш қаласындағы орталық аудандық аурухана жанынан 240 төсек-орынға арналған перинаталды орталық құрылысы. Жыл сайын Сарыағаш ауданында облыс бойынша туудың ең жоғары көрсеткіші тіркеледі. 2020 жылғы көрсеткіш 1 мың тұрғынға 31,9-ды құрады. Сарыағаш ауданында перинаталды орталық ашу Келес, Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарының жүкті әйелдеріне білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Алексей Цой.

Оның атап өтуінше, аталған аудандарда 723 926 адам тұрады. Бұл - облыс тұрғындары жалпы санының 35 пайызы.

«Сонымен қатар Арыс және Сарыағаш қалаларында бір ауысымда 500 келушіге арналған 2 үлгілік емхана салу жоспарланып отыр», - деді министр.