Аймақ басшысы сапарын «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысудан бастады. Облыс әкімі сондай-ақ Жібек жолы ауылдық округінен ашылған «Бес жұлдыз» балабақшасына барды. Жеке кәсіпкердің иелігіндегі балабақшаға 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазір 450 бала тәрбиеленіп жатқан мектепке дейінгі мекемеде алпыс адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі балаларға базарлық ұсынып, балабақша ұжымының қадамын оң бағалады.
Одан кейін Жансейіт Түймебаев Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабайы ата» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде болды. Мұнда көкөніс өсіруде озық технологиялар қолданылған. Құны 1,8 млрд теңге болатын жоба бойынша 15 гектар жерге қызанақ пен қияр егілген. Шаруа қожалығында 75 адам жұмыс істейді. Жұмысшылармен тілдескен өңір басшысы облыстағы жылыжайлар туралы сөз етті.
«Бұрын жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болушы еді, қазір Сарыағашта да бар. Облыстағы жылыжайлардың 50 пайызға жуығы осы ауданда шоғырланған. Бұл жөнінен Сарыағаш өзгелерге үлгі бола алады. Елбасымыз Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек және көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты күшейте береміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады»,- деді Жансейіт Түймебаев.
Айта кетейік, бүгінде Сарыағаш ауданында 203 балабақша жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артады деген болжам бар.