Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, сарыағаштық тұрғын облыстық криминалды полиция басқармасына арызданған. Ол Сарыағаш қаласында жеңіл жүрісті қыздар қызмет көрсететінін саунаның барын айтқан. Бұл жәйттің толық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлері арнайы жедел іздестіру іс-шараларын ұйымдастырып, шағымданушы айтқан саунаның жұмысын әшкерелеген. Онда үш жезөкшенің қызмет көрсететіні анықталды. Саунадан айғақты зат ретінде ақша тәркіленіп алынған.
«Саунадағы Өзбекстан Республикасының 2 азаматшасы Сарыағаш АПБ-не жеткізіліп, азаматтарды қабылдап тарату орнына қамалды. Сондай-ақ сауна әкімшілігіне ҚР ӘҚБтК-нің 476-«Төтенше жағдай режимін бұзу» бабымен хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта аталған жайт «Жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық» ҚР ҚК-нің 309-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда істің толық мән-жайын анықтауда», делінген хабарламада.