Әкім көк туымызды желбіретіп, бәсі биік бәсекелерде жеңімпаз атанып жүрген спортшыға алдағы бәсекелеріне сәттілік тіледі. Екеуін де «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Айта кетейік, Ерлан Тоқтаев 17-24 қазан күндері Словения мемлекетінің Градец қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында өткен жарысқа қатысқан болатын. Еуропа кубогында Сарыағаш аудандық №2 спорт мектебінің спортшысы 60 келіде қарсыласынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Әкімнің қабылдауында сондай-ақ №2 спорт мектебінің түлектері Нұржігіт Жолдыбай мен Әділет Өмірзақтар да болды. Олар маусым айында Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасында үстел теннисінен ҚР чемпионатынан 4 алтын және 1 қола жүлдемен оралған. Аудан басшысы бұл спортшыларға да ізгі тілектерін жеткізіп, сый-сыяпат табыстады.
Еске салайық, Сарыағаш ауданының спортшылары 8 спорт түрінен Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Тағы екеуі екі спорт түрінен Әлем және Азия чемпионаттарына жолдама алды. 3 спортшы аударыспақ, тоғызқұмалақ, шахматтан жүлделі ІІ орын, 12 спортшы волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, каратэ-додан жүлделі ІІІ орынды иеленген болатын.