Сарыағаштықтар үй іргесіндегі бақшаға гүл егіп, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Сарыағаштықтар үйіргелік жерге гүл егіп, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 80-ге жуық отбасы гүл өсiрумен айналысып келеді.

Бір қызығы, қыс мезгілінде де бұл кәсіп тоқтамайды.

Себебі, үйіргелік жерге жылыжай соққан тұрғындар жыл он екі ай бойы гүл өсіріп, сатылымға шығарып отыр.

Дербісек ауылының тұрғындары да гүл өсіретін шағын кәсіпке бейімделген.

Соның бірі - Махат Әуешов. Ол жиырма жылдан бері осы кәсіппен айналысып келеді.

Шаруа 20 соттық жеріндегі жылыжай аумағынан алған өнімдерін сату арқылы отбасын асырап отыр.

Ал ауласында раушаннан бастап альстромерия, хризантема сынды шетелдік сұрыпты гүлдер өсіп тұр.

«Гүл көшеттерін өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Егілген гүлді әр 10-15 күн сайын суарып тұру керек. Жылыжайдағы қалыпты температура 10-15 градус болуы шарт. Ал наурыз айының басынан бастап сабағынан қырқылған гүлдер сатылымға шыға бастайды. Мереке сайын көршілер мен ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанның көңіліне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық», - дейді ол.

Кәсіпкердің гүлдеріне деген сұраныс та жоғары. Әсіресе Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы тапсырыс берушілер қатары қалың.

Ал, Наурыз мерекесінің қарсаңында тапсырыс көлемі ұлғайып, көтерме бағамен алып кетушілер де кездеседі.

Жалпы өткен жылы сарыағаштық шаруалар 600 мыңға жуық гүл өсірген.