Сарыарқа аудандық ІІБ қызметкерлері автокөлік ұрлаумен айналысып келген Қостанай тұрғынын қолға түсірді

АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Елімізде темір тұлпар көбейген сайын, оны ұрлау қылмысы да жиілеп барады. Мәселен, жуырда Сарыарқа аудандық Ішкі істер басқармасына «Б» есімді азамат

Достық көшесі бойындағы үйдің ауласынан «Фольксваген-Пассат» автокөлігін белгісіз біреудің ұрлап әкеткені туралы шағымданған болатын. Сол күні Уәлиханов көшесі бойындағы үйдің жанынан аталмыш маркадағы ұрланған автокөлік жөнінде тағы бір жәбірленуші хабарласқан.

Осы қылмыстарды ашу үшін тергеу бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Жедел-іздестіру шарасының барысында «ізін суытпай» еш жерде жұмыс істемейтін, Қостанай облысында туған, 19 жастағы Астана қаласының тұрғыны ұсталды.

Темір тұлпарды ұрлаудан әккі болып алған қарақшы жауап алу кезінде көліктерді бөлшектерге бөліп, кейін жаңа автокөлік сатып алу ойында болғанын айтады. Алайда, бұл арам пиғылын жүзеге асыра алмады.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласы ІІД уақытша қамауда ұстау изоляторында. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 185-бабы 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір күдіктінің осындай мәндегі ашылмай жатқан қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша тексеріс жұмыстары жүргізілуде.