Сарыарқа өңірінің қайта түлеуіне Нұрғожа Ораздың сіңірген еңбегі зор

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Кеше Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың «Сағындырған Сарыарқа» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Ақынның 80 жасқа толу құрметіне арналған бұл шарада мерейтой иесіне арнайы жолданған құттықтаулар табыс етілді. Көрермендер алдында Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхамедтің құттықтауы оқылды. Одан кейін Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың құттықтау хатын вице-министр Асқар Бөрібаев табыс етті. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтауын қалалық мәдениет басқармасының бастығы Болат Бауыржанұлы жеткізді.

Алматы қаласынан арнайы келген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин барша Қазақстан қаламгерлері атынан мерейтой иесін құттықтап, ақынға шығармашылық табыс тіледі.

Ақынның туған өңірі Қостанай қаласынан арнайы келген белгілі ақын-журналист Нағашыбай Мұқатов облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың құттықтауын жария етті және қаламгер ағасына арнаған өзінің өлеңін оқып берді. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов ақын Нұрғожа Нарымбайұлы кезінде Мұхтар Әуезовтың шәкірті болғанын айта келіп, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық жетістіктері туралы тартымды баяндама жасады.

Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі Серік Қирабаев ақын туралы толғанысқа толы сыр шертті. Ол Сарыарқа өңірінің қайта түлеуіне Нұрғожа Ораздың сіңірген еңбегі зор екенін атап өтті. Ақынның тек шығармашылықпен ғана айналыспай, қоғам өміріне белсене араласып, мемлекеттік тіл, ұлт мәселесіне қатысты ұзақ жылғы қайраткерлік қызметін жоғары бағалады.

Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов қаламдас әріптесіне арнаған өлеңін оқыды.

Белгілі әншілер Нұрғожа Нарымбайұлының өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді. Ұлттық өнер университетінің дарынды студенттері ақынның әр жылдары жазған ел, қоғам, адамзат, ұлт мәселесі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.