Жоғары xоккей лигасының биылғы маусымында "Сарыарқа" плей-оффтың екінші айналымына дейін жеткен. Алайда, Қорған қаласының "Зауралье" командасына (2:4) есе жіберіп, жартылай финалға өтпей қалды. Осыдан кейін клуб басшылығы мен бас бапкердің өзара келісімі негізінде ресейлік маман Вадим Епанчинцевті жұмыстан босату туралы шешім шығарылды. Алдағы уақытта оны Құрлықтық xоккей лигасындағы "Спартак" клубының бас бапкерлігіне тағайындауы әбден мүмкін.
Айта кетейік, "Сарыарқа" сүрінгеннен кейін, плей-оффта жалғыз қазақстандық клуб қалды. Ол - өскемендік "Торпедо". Бүгін оның да тағдыры шешіледі. Дәл қазір "Торпедо" xоккей клубы Санкт-Петербордың "Динамосын" қабылдап жатыр. Жалпы есеп тең - 3:3. Осы мачта жеңген команда жартылай финалға өтеді.