«Сарыөзек-Көктал» автожолы бойындағы көпір арнасынан асқан өзен суымен шайылып жатыр

АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат - Алматы облысы Кербұлақ ауданында арнасынан шығып кеткен өзен суы автожол көпірін шайып жатыр,

деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ведомстводан мәлім еткендей, кеше, наурыздың 12-сі күні сағат 14.10-да Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары «Сарыөзек-Көктал» автожолының 4-ші шақырымында орналасқан көлік көпірі сумен шайылып жатқандығы туралы хабарлаған. Төтенше оқиға орнына дереу жедел топ жетті. Қазір апатты жағдайдағы көпірді қалпына келтіру және өзеннің арнасын түзеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталмыш бағытта автокөліктердің қозғалысына тыйым салынды. Табиғи апаты салдарын жоюмен «Қазақавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 13 техникасы айналысуда.