Сарышағанда «Жауынгерлік достастық-2013» жаттығуларының шешуші кезеңі өтуде

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы «Сарышаған» полигонында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы мемлекеттердің әуе шабуылына қарсы бірлескен қорғаныс жүйесі аясында «Жауынгерлік достастық-2013» тактикалық оқу-жаттығуының шешуші кезеңі өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Оқу-жаттығу барысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрамалары, бөлімдер мен бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ жауынгерлік топтардың еліміздің әуе шебін қорғаудағы дағдысын жетілдіру мәселелері пысықталатын болады. Сонымен қатар, ТМД Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күштері мен құралдарының бірлескен жауынгерлік кезекшілікті жүргізудегі өзара іс-қимылдары көрсетіледі. Бұл ретте қойылған тапсырмалардың сәтті орындалуы үшін жеке құрамның жоғары моралді-психологиялық, жауынгерлік және кәсіби сапасын арттыруға барынша мән беріледі.

Нақты жауынгерлік атыстарды қамтыған тактикалық оқу-жаттығуға Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің 70-тен астам жауынгерлік тобы тартылған.

Шынайы жауынгерлік іс-қимылдарға келтірілген әуе шабуылына қарсы жағдайларды туғызу үшін ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері оқу орталығының жауынгерлік топтары күрделі нысаналық жағдай қалыптастырған.