Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, гидротехникалық нысандар жаңғыртылып жатыр. 13 инженерлік жоба аяқталып, 150 метр қорғаныс бөгеті нығайтылған.
— Дайындық жұмыстары Қаныш Сәтбаев атындағы каналда да жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Екібастұз өңіріндегі ұзақ уақыт апатты жағдайда болған № 87 бөгетті қайта жаңғырту қолға алынды. Нысанда су өткізу жүйесі қалпына келтіріліп, бөгеттің жай-күйін бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе орнатылуда. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, — деп мәлімдеді департаменттен.
Қазіргі уақытта тірек бөгеттегі призмасын орнату, дренаж жүйесі мен су өлшеу бекетін қалпына келтіру, жоғарғы еңістің плиталарын жөндеу, сондай-ақ автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мамандар сондай-ақ «Богатырь–Каратай», «Луганск–Константиновка» және «Рождественка–Павловка» автокөлік жолдарының учаскелеріне су өткізетін құбырлар салынып жатқанын айтады. Жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар облыс қалалары мен аудандарының елді мекендерін қамтиды және оларды ықтимал су тасқынынан қорғау деңгейін арттыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, Тобылдағы бөгет 3 500-ге дейін үйді тасқыннан қорғайды.