Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да Жеңістің 70 жылдығына арналған мемориалды Даңқ тақтасы ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде ҚР Отан қорғаушы күні мен Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шара өтті.

Айта кетейік, соғыс басталған тұста ҚазҰТУ-дан 200 студент пен 22 оқытушы майданға аттанған. Осыған орай университет қабырғасында Жеңістің 70 жылдығына арналған мемориалды Даңқ тақтасы ашылды. Ескерткіш тақтаға ел басына күн туған заманда аталмыш оқу орнынан майданға аттанған ерлердің есімдері жазылған. Олардың алтауы Кеңес Одағының Батыры атанды. Елімізді жаудан қорғау үшін өмірін қиған жандардың жанкешті ерліктері - бүгінгі жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Шара барысында соғыс ардагерлеріне арнайы медальдер табысталып, ерекше құрмет көрсетілді.

«Соғыс жылдарында біздің университетіміз де жеңістің келуіне өз үлесін қосты. Алғашқы жылдары 200 студентпен қатар институт директоры А.И.Коктов пен партиялық ұйымның жетекшісі М.Құрманғалиев Отан қорғаушылар сапын түзеді. Олар және басқа да азаматтар қайта оралмады. Алайда, біздің ұжым олардың есімін ешқашан ұмытпайды. Олардың ерлігі жадымызда сақтау - біздің парызымыз», - деді ҚазҰТУ ректоры Ж.Әділов.

Оның айтуынша, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Мұса Баймұханов, Максим Губанов, Владимир Засядко, Николай Маркелов, Алексей Торопкин, Николай Ященколар Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ал ұшқыш, аты аңызға айналған тұлға Талғат Бигелдинов екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Салтанатты шараға ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ауған соғысына, Чернобыль АЭС-сындағы апатты жоюға қатысқан азаматтар шақырылды.

Даңқ мемориалында гүл шоқтарын қою рәсімінен соң ардагерлерге қазақстандық үлгідегі кеуде ленталары табыс етілді.