Сәтбаев қаласы түтін мен күйенің астында қалды
Сәтбаев қаласының тұрғындары айналаның барлығын күйе басып жатқанына наразы. Жергілікті билік экологиялық проблеманың себебін түсіндірді.
Сәтбаев тұрғындары қаладағы экологиялық проблемаға шағымдануда. Әлеуметтік желілерде бірнеше бейнежазба пайда болды, онда автор мұз айдыны қою қара күйенің астында қалғанын көрсетеді, ал екінші бейнежазбада автокөлік иесі көлігі қара шаңға оранғанын түсірген.
Қаланың басты қазандығы «Қазақмыс» корпорациясының балансында болғандықтан, кәсіпорын қала әкімдігімен бірлесіп, экологиялық проблеманың орын алу себебін түсіндірді.
Олардың айтуынша, жылу көзінің барлық жабдықтары әлдеқашан ескірген.
«Жыл сайынғы жөндеуге қарамастан, 1962 жылы пайдалануға берілген негізгі жабдық айтарлықтай тозған және газ тазарту жүйелері толығымен ескірген және заманауи экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді, бұл айтарлықтай инвестицияны қажет етеді. 2024 жылы жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылғы жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығындардың жалпы сомасы 1,6 млрд теңгені құрады», - деп мәлімдеді Сәтбаев қаласының әкімдігінен.
Қазандықты жөндеуге қомақты қаражат жұмсалғанына қарамастан, негізгі жабдық – газ тазарту жүйесі жоқ. Бұл мәселемен «Қазақмыс» корпорациясы айналысып жатыр, дейді әкімдіктегілер.
«Қазіргі уақытта жылу энергиясы кәсіпорны экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға және кешенді экологиялық рұқсат алуға бағытталған ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс істеуде. Ең маңызды жоба газ тазарту жүйесін орнату болып табылады», - деп толықтырды қала әкімдігі.
Сондай-ақ, жергілікті билік экологиялық мәселені қаланы газдандыру арқылы шешпекші. Алайда, бұл жоба қашан жүзеге асырылатыны әлі белгісіз.
Бұған дейін Сәтбаев қаласындағы Жезқазған кенті таратылатыны белгілі болған.