Сәтбаев қаласында мас адам жедел жәрдем көлігін ұрлап әкетіп, аударып тастаған

СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат - Сәтбаевта мас адам жедел жәрдем көлігін ұрлап кеткен, деп хабарлайды Polisia.kz.

18 қыркүйек күні таңғы сағат 5.30 шамасында Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының полиция бөліміне белгісіз біреу медициналық мекеменің тұрағында тұрған жедел жәрдем көлігін ұрлап кеткені туралы хабар түскен.

Дәрігерлер науқасты ауруханаға апарып, жүргізуші науқасты жедел жәрдем бөліміне жеткізуге көмектескен.

Осы сәтті пайдаланған белгісіз біреу қызметтік көліктің кабинасына отырып, оны оталдырады да, белгісіз бағытқа кетіп қалған.

Сәтбаев патрульдік полиция взводының жедел-іздестіру шарасы барысында күдікті 32 жастағы ер адамды ұстады, ол көлікті басқара алмай, аударылып қалған.

Оның үстіне күдікті көлікті ұрлаған кезде мас болғаны медициналық сараптамада расталған.

Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды, сонымен қатар ҚР ҚК-нің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.