Сәтбаев тұрғындары қала әкімі, прокурор мен полицейлер қосылған чатқа шағымдана алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Telegram-чат жұмыс істей бастады. Оған кез келген тұрғын қосыла алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшысының баспасөз қызметін е сілтеме жасап.

Тұрғындарға танымал мессенджердің көмегімен қоғамдық орындардағы кез келген құқықбұзушылық туралы хабарлап, дәлел үшін фотосурет пен бейнетүсірілім жіберу ұсынылды. Чатқа түскен әр хабарламаға жедел жауап қатып, әрекет ету уәде етілуде. 
 

Аталып өткендей, бұл Сәтбаев қаласы әкімдігінің, прокуратура мен полицияның бірлескен жобасы. Бастама көтерушілер әлеуметтік желідегі жұмыс қала тұрғындарымен байланыс орнатып, қоғамдық тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді деп сенеді. 
«Арнаға әкім, прокурор, құқыққорғау және қаланың атқарушы органдары, ПИК, полицияның учаскелік инспекторлары, сондай-ақ қала тұрғындары қосылады. Арнаға қосылу үшін смартфонға (App Store, Google Play арқылы) тегін қосымшаны орнатып, мобильдік телефонның браузеріне тіркелу және satpaevdvd қысқа сілтемесін теріп, чатқа жазылу керек», - деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.