Өткен жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Өңірлерді дамыту - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қайтарымды негізде осы көтергіштерді орнатуға қаражат бөлінді. Лифтілер екі үйде - Абай және Шаталюк көшелерінде іске қосылды, онда тұрғындар лифт шаруашылығын жаңғырту бағдарламасына алғашқылардың бірі болып қатысты.
Әкімнің орынбасары Батыр Әбдірахаев және ТКШ бөлімінің өкілдері Абай көшесіндегі №31 үйде болып, лифт жұмысымен танысты.
Беларусьтік «Могилевлифтмаш» зауытында жасалған көтергіштерді монтаждауды «LIFT STROY ASTANA» ЖШС мердігерлік ұйымы жүзеге асырды. Ал қызмет көрсетумен «Лифтремонт» ТК айналысады.
2021 жылы Сәтбаев қаласында тоғыз қабатты тұрғын үйлерге Абай көшесі, 51, 73; Шаталюк, 50 мекен-жайлары бойынша тағы үш лифт орнату жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының әкімдігі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ 2019 жылы жұмыс істемейтін көтергіштерді ауыстыру бойынша пилоттық жобаны іске қосу туралы Меморандумға қол қойған болатын.