БҰҰ Иранға қарсы санкциялардың қайта күшіне енгенін растады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Басқарушылар кеңесінің отырысы өтті. Жексенбі күні БҰҰ Иранға қарсы санкциялар қайта күшіне енгенін растады, деп жазды Синьхуа агенттігі.
— Қауіпсіздік кеңесінің 2231 (2015) резолюциясының 11 және 12-тармақтарында көрсетілген рәсімге сәйкес, 27 қыркүйек күні шығыс жазғы уақытымен сағат 20:00–де, 1696 (2006), 1737 (2006), 1747 (2007), 1803 (2008), 1835 (2008) және 1929 (2010) резолюцияларындағы барлық ережелер 2015 жылғы 20 шілдеде қабылданған 2231 резолюциясына дейінгі жағдайдағыдай күшіне енеді», — делінген БҰҰ Бас хатшысының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Хабарламада атап өтілгендей, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1737 резолюциясы бойынша құрылған комитет жүргізетін санкциялар тізімі қалпына келтірілді. Бұл тізімге 2231 резолюциясы қабылданғанға дейін енгізілген 43 жеке тұлға мен 78 заңды тұлға кіреді.
Өткен айда Франция, Ұлыбритания және Германия «snapback» деп аталатын механизмді ресми түрде іске қосты. Бұл механизм Иран 2015 жылғы ядролық келісімді (ресми атауы — Бірлескен жан-жақты іс-қимыл жоспары) бұзды деп танылған жағдайда, 30 күн ішінде БҰҰ санкцияларын қайта енгізуге мүмкіндік береді.
19 қыркүйекте БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранға қатысты санкцияларды жеңілдетуді ұзарту туралы резолюцияны қабылдамады. Жұма күні ядролық келісім мен 2231 резолюциясының мерзімін алты айға ұзартуды көздеген кейінгі резолюция да қабылданған жоқ.
Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранға қатысты санкцияларды тоқтата алмады.
Артынша Иран БҰҰ санкцияларының қайта күшіне енуіне қатаң жауап беретінін мәлімдеді.