«Сәтпаевтың голы»: Шетелдік блогер қазақстандық жанкүйерлердің белсенділігіне тәнті болды

АСТАНА. KAZINFORM — Matchday USA Instagram-парақшаның авторы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың лондондық «Челси» сапындағы дебюттік голынан кейін қазақстандық жанкүйерлердің белсенділігіне тәнті болды, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: chelseafc / instagram

— Маусым алдындағы дайындық барысында әлемдегі ең мықты, бірақ көпшілікке беймәлім жанкүйерлердің бірін тапқан секілдіміз? Бұл Бразилия да, Норвегия да, Аргентина да емес. Бұл — Қазақстан. Сәтпаев қақпа алдында допты қабылдап, 17 жастағы футболшы жылдамдығын арттырып, екі қорғаушыны артта қалдырды. «Вестерн Сидней» қақпашысы Джордан Холмспен бетпе-бет келіп, допты қақпаға дәл бағыттады. Дәл осы сәттен кейін бүкіл әлем Қазақстан жанкүйерлерінің қаншалықты көп екенін білді. Эссугоның голы жарияланған жазба 200 мың лайк жинады, Гиттенстің голы шамамен 177 мың, Жоау Педроның голы 160 мың лайк алды. Ал қазақстандық Сәтпаевтың голы жарияланған жазба 800 мың лайк жинады. Пікір саны 200 мыңға жетті. Барлық жерден Қазақстан жанкүйерлерін көруге болады. Хаби Алонсо, мұндай қарқынмен Сәтпаевты негізгі құрамға қосуға тура келеді. Өйткені онымен бірге әлемдегі ең мықты, бірақ көпшілікке беймәлім жанкүйерлер қауымының біріне ие боласыз, — деді парақша авторы.

Кейін бұл жазбаның көрсеткіштері одан әрі өсті. «Челсидің» ресми парақшасында жарияланған Сәтпаевтың голы түсірілген видео бір миллионнан астам лайк жинап, 350 мыңнан астам пікірге ие болды. Пікірлердің басым бөлігін қазақстандық қолданушылар қалдырған. Шетелдік БАҚ та жас шабуылшыны тұтас елдің жаппай қолдауына ерекше назар аударды.

Сәтпаев «Вестерн Сидней Уондерерс» командасымен өткен жолдастық матчтың жетінші минутында есеп ашты. Ол Райан Кавума-Маккуиннің пасынан кейін допты қақпаға дәл бағыттады. Матчта «Челси» 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал Сәтпаевтың голы Хаби Алонсоның жетекшілігімен өнер көрсеткен команда үшін алғашқы гол болды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев Лондонның «Челси» клубы сапындағы алғашқы голын соққан болатын. 

Бұған дейін Дастан Сәтпаев Қазақстанның ең қымбат ойыншысы атанды.