Бұл ойын аса қызықты әрі тартысты өтті. «Барыстың» хоккейшілері есепті бірінші болып ашты. Найджел Доустың керемет соққысынан кейін шайба қарсыластың қақпасынан табылды. Екінші кезеңнің басында «Металлург» таразы басын теңестірді. Үш минуттың ішінде Астана қаласының хоккей клубы тағы да алға шықты. Бірақ үшінші кезеңде Металлург құрамасының хоккейшісі Тим Брент дубль жасап, есепті теңестіріп кетті. 2:2. «Барыс» өз шабуылдарын үдетті. Соның арқасында үшінші шайба соғылды. Дастин Бойдтың соққысынан кейін шайба «Металлургтың» ойыншысы Е.Тимкиннің конькиіне тиіп, В.Кошечкиннің қақпасына бірақ кірді. Есеп - 3:2. Осыдан кейін «Металлург» есепті теңестіру үшін барын салды. «Барыстың» ережені бұзып, екі хоккейшіге кем құрамда ойнағанын пайдаланып, қақпашының орнына қосымша бір ойыншыны да шығарып көрді. Алайда «Барыстың» қорғанысын бұза алмады. Брэндон Боченскидің есепті 4:2-ге жеткізуге тамаша мүмкіндігі болды. Шайба бос тұрған қақпаға бағытталды. Бірақ ол штангаға тиді. Ойынның аяқталуына дейін 10 секундтай қалғанда «Металлург» таразы басын теңестіріп кетті. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллит сериясында «Барыстың» мерейі үстем болды. Роман Старченконың дәл тигізген соққысы командаға жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп - 4:3 (Б).
Айта кетейік, магнитогорлық «Металлург» хоккей клубы «Барыс» үшін оңай қарсылас емес. Өткен жылғы чемпионатта екі команда төрт рет кездескен болатын. Сол ойындардың барлығында да «Металлургтың» мерейі үстем болды. Биылғы чемпионат аясында өткен алғашқы ойында да «Барыс» оны жеңе алмай, 1:2 есебімен жол берген. Осы жолы сәтсіз кезең аяқталды деуге болады. Бұл мачтан кейін Астана қаласының хоккей клубы екі ұпайға қол жеткізіп, барлығы 64 ұпаймен жалпытурнирлік кестеде 4-орнын сақтап келеді.