Сатушыға ақшаның орнына қолтырауын бермек болған

АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Флорида штаты Майами қаласының тұрғыны дүкен сатушысына ақша орнына қолтырауын бермек болғаны үшін түрмеге отыруы ықтимал.

Өткен аптада 64 жастағы Фернандо Агилера дүкенге кіріп, бір жәшік сыра сатып алмақ болған. Алайда, сатушыға ақшасының жоқтығын айтып, орнына 1,2 метрлік қолтырауын алуын ұсыныпты.

Шошынған сатушы дереу тәртіп сақшыларын шақырған. Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер Агилераның қолындағы қолтырауынды босатып, оған заңсыз аң аулағаны үшін айып тақты. Енді ұсталған азамат 500 доллар көлемінде айып төлеп, жарты жыл бас бостандығынан айрылуы мүмкін деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Агилераның айтуынша, қолтырауынды жергілікті саябақтан тауып алған. Ол жоғалып бара жатқан аңдардың тізімінде болмағандықтан өзімен бірге алып кетіпті. Дегенмен, Флорида штатында қолтырауындарды тек аңшылық маусымында ғана аулауға рұқсат етілген, деп жазады BAQ.KZ.