Қоғам және өнер қайраткерлері қатысқан кешті «Көзімнің қарасы» мәдени-танымдық клубы және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырған.
Киностудияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, суреткер тек кино саласында ғана емес, сонымен қатар, көркем проза жанрында да өнімді еңбек етіп келеді. 1968 жылы «Тентек» атты кітабы, 1981 жылы «Ассалаумағалейкум, Атлантида!» атты повесть, әңгімелер жинағы жарық көрген. Ал «Көзімнің қарасы» кітабы С.Нарымбетовтың авторлық әлемін тереңірек аша түсетін туынды. Онда кинорежиссерлік, жазушылық қасиет бойынан үйлесім тапқан тұлғаның өмір соқпағы, өнерінің сыры, азаматтық болмысы, әріптестері туралы, қоғам мен руханият жайлы толғамдары, эсселері мен естеліктері, сондай-ақ әріптестерінің автор туралы ойлары да қамтылған.
Бұдан бөлек, кітапқа режиссердің киносценарийлері де енгізіліп отыр. Қазақ киносының әлемдік контекстегі орнын анықтауға мүмкіндік беретін, үш бөлімнен тұратын жинақ ұлттық мәдениетімізді тағы бір қырынан айшықтайды.
Айта кетейік, Сатыбалды Нарымбетов - белгілі кинорежиссер, киносценарийші, жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, тәуелсіз «Тарлан» және Француз киноөнер Академиясы Жорж және Рита Садуль атындағы жүлденің иегері, бірнеше беделді Халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері.
Ол 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1965 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген. 1969 жылы Бүкілодақтық кинематография институтын, 1984 жылы Мәскеудегі жоғары кинорежиссерлік курсын тәмамдаған.
Өз сценарийлерінің негізінде бірнеше сүбелі деректі және көркемсуретті фильмдер түсірді. Айталық, «Созақтан шыққан Гамлет» (1990 ж.), «Көзімнің қарасы» (1995 ж.), «Омпа» (1998 ж.), «Мұстафа Шоқай» (2008ж.), «Аманат» (2015ж.) т.б.