Сатылатын көмірдің сапасын қадағалау міндеті кімдерге жүктелен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел тұрғындарына сатылатын көмірдің сапасын жергілікті билік қадағалуы тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көмірдің сапасына қатысты шағымдар шынымен де болды. Тұрғындардан бөлек, үш күн бұрын энергетикалық кәсіпорындар тарапынан да болды. Бұл мәселе «Қаражыра» кен орнынан жеткізілген көмірге қатысты айтылған еді. Қазіргі кезде бұл шағымдарға қатысты мәселені қарастырып жатырмыз. Атап өтер жайт, бұл негізінен тау-кен өндіру жұмыстарында болған кемшіліктерге байланысты. Бүгінде шұғыл түрде осы көмір өндіретін кәсіпорындардың өкілдерін шақыртып жатырмыз», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол әкімдіктерді ел тұрғындарына сатылатын көмірдің сапасына назар аударуға шақырды.

«Шынымен де еліміздегі тұтынушыларға төмен сапалы көмірді сататын жағдайлар кездеседі. Кей кезде көмір сататындар мүлдем басқа бағаны қойып жатады. Мәселен, «Шұбаркөлдің» орнына басқа сападаға көмірді өткізеді. Бұл негізінен дұрыс қадағаланбайтын нарық сегменттерінде болады», - деді Б. Жақсалиев.

Оның айтуынша, осындай шағын алаңдарда көмір сапасын қадағалау қиындау. Сонымен қатар Энергетика министрлігі нарықтың осы сегментін бақылай алмайды. Бұл саладағы проблемалармен бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдардың тиісті қызметтері айналысуы керек.