Сатып алулардағы қазақстандық мазмұнды арттыруда жүйелі жұмыстар жүргізу керек - вице-премьер Серік Ахметов

ПАВЛОДАР. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Премьер-Министрдің орынбасары Серік Ахметов кеше Павлодар облысында ұлттық компаниялардың тауарлар мен қызметтер сатып алуындағы қазақстандық мазмұнды арттыру мәселесіне арналған кеңес өткізді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жиынға министрліктердің, ірі компаниялардың басшылары, Мәжіліс депутаттары және Павлодар облысы кәсіпорындарының директорлары қатысты. Ұлттық компаниялардың тапсырыстарындағы отандық кәсіпорындардың үлестерін арттыру міндеті Елбасының Жолдауында және Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы жылдары да жүйелі негізде жүргізіледі, ынтымақтастық туралы меморандумдардың орындалуы қатаң бақыланады. Бүгінде республика бойынша триллион теңге соманың 500 келісіміне қол қойылды, қазірдің өзінде 200 миллиард теңгенің өнімдерін жеткізуге келісімшарттар жасалды. Павлодар облысында үш ұлттық компаниямен меморандумға қол қойылды, деп хабарлады облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Жергілікті компаниялар «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясымен 2 миллиард теңгеге келісімшарт жасасты. Ұлттық компания сонымен бірге, екі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға, атап айтқанда, Екібастұздағы вагон жасау зауытының құрылысына және «KSP Steel» компаниясының рельспрокат жобасына атсалысады. Ал «Қазақтелеком» компаниясы үшін павлодарлық «Қазэнергокабель» АҚ зауыты 700 миллион теңгенің өнімін жасап берсе, «ҚазМұнайГаз» компаниясы павлодарлық кәсіпорындармен 3 миллиард теңге сомаға келісімшартқа отырды.