Алайда оны іске қосу үшін тиісті заңды қабылдау қажет, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Біз Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен бірнеше рет кездестік. Қазіргі көтеріліп жатқан әңгіме, мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сатып алулар, тау-кен және монополистердің сатып алуларын бір принциптерге келтіру керек. Елбасының тапсырмасы бойынша біз электронды теxнологияларды пайдаланып, бәрін бірыңғай электронды платформаға алып келуіміз қажет. Қазіргі кезде тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мысалы, "Самұрық-Қазынаның" құрамында "Самұрық-Контракт" деген компания бар. Ол қор аясындағы барлық сатып алуларды қадағалап отырады. Енді, оны біздің ақпараттық жүйемен біріктіру керек", - деді Сұлтанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, министрлік ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тиісті заң жобасының тұжырымдамасын енгізуі тиіс.
"Әрине, осы бастамаға қарсылық білдіретіндер де болады. Бірақ бірыңғай электронды порталды енгізудің арқасында инвесторлар да, кәсіпкерлер де ұзақмерзімді жоспарлар жасай алады", - деп атап көрсетті министр.
Айта кетейік, 4 ақпан күні өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев "Самұрық-Қазынаның" сатып алуларымен жақсы таныс екенін жеткізіп, барлығына ортақ ережелерді әзірлеуді тапсырған болатын. "Қазіргі жүйені түбегейлі өзгерту керек. Бір аптаның ішінде осы санаттағы компаниялардың сатып алуларына қатысты ортақ ережелер әзірленуі тиіс. Осы жұмыс барысында квазимемлекеттік сектордың сатып алуларын ашық әрі қолжетімді етуге баса назар аудару қажет. Оны қысқа уақыттың ішінде жасаудың қажеттілігі неде? Өйткені жақын арада сатып алулар науқаны басталады. Қазір барлық қағаздар мен ережелерді ақтарып шыққанша, бір жыл өте шығады. Сосын тағы келесі жылға қаламыз. Сондықтан ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қаржы министрлігі тиісті заң жобасын әзірлеуі тиіс. Ол сатып алуларды бірыңғай электронды форматқа ауыстыру қажет. Ал отандық кәсіпкерлердің оған емін-еркін қатысқаны жөн",- деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев мемлекеттен жеңілдік көп сұрайтын, алайда отандық тауарларды алмайтын "Арселор Миттал" сынды компанияларды сынға алды.