Сауалнама: Астаналық жастардың 54 пайызы сайлауда электронды дауыс беруді қолдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 17-18 наурыз аралығында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Нұр-Сұлтан қаласында сайлау процесіне қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

17 наурызда Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ акт залында саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, Нұр-Сұлтан қаласының сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Іс-шараға 357 адам қатысты.

Кездесуде Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар талқыланды.

Атап айтқанда, сайлау процесін жаңғырту мәселелері: Мәжіліс және облыстар, елорда, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде аралас сайлау жүйесін, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихаттарды қалыптастыру кезінде мажоритарлық жүйені енгізу мәселелері алға тартылды.

«2007 және 2018 жылдары пропорционалды сайлау жүйесін енгізудің мақсаты республикалық, сондай-ақ өңірлік деңгейлерде партиялық жүйені дамыту болды. Мажоритарлық сайлау жүйесі, өз кезегінде, қандай да бір партияда тұрмайтын, жалпы саяси бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін мықты тұлғалардың өкілді билік органдарына өтуіне мүмкіндік береді» деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Сондай-ақ, ол өкілді билік аралас сайлау жүйесі қағидаты бойынша қалыптасатын болса, халықтың сұраныстарын шешуді көздейтін жан-жақты әрі саналуан пікірлер палитрасы қалыптасатынын атап өтті.

Бұдан басқа, электрондық дауыс беруді енгізу, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға және ауыл әкімдеріне қатысты заңнамалық талаптарды жеңілдету, ұлттық байқаушылардың мәртебесін, олардың құқықтары мен өкілеттіктерін арттыру, сайлау учаскелерінде дауыстарды санау рәсімдерін оңтайландыру жөнінде пікірталас өтті.

Сондай-ақ, осы күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды, аталған Орталықтың ғимаратында сайлау учаскесі бар.

Ол учаскелік сайлау комиссиясының сайлау кезінде атқаратын жұмысымен танысты, сондай-ақ Орталықтағылардың дауыс берулері үшін тиісті жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Себебі, олардың басым бөлігі қарт адамдар, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар.

18 наурызда Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қабырғасында елордалық жастардың өкілдерімен кездесті.

Кездесуді аша отырып, ол қазіргі уақытта Ортсайлауком еліміздің барлық өңірлеріне арнайы сапарға шығып, сайлау процесін жетілдіру мәселелері бойынша жұртшылықтың пікірін зерделеу жұмыстарын қолға алып отырғанын атады.

Ал өз кезегінде, жастар сайлаушылардың 36% жуығын құрайтынын, яғни олар электораттың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі болып отырғанын атап өтті.

3 сағаттық кездесу барысында пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйелерін енгізу, сайлау алдындағы үгіт жұмыстарын және пікірсайыстарды ұйымдастыру кезінде әлеуметтік желілерді пайдалану, сондай-ақ жастарды сайлау науқанымен хабардар ету мәселелері белсенді түрде талқыланды.

Жастар ұйымдарының өкілдері жас буын арасындағы құқықтық сауаттылықты және сайлау мәдениетін арттыру мақсатында оларды арнайы оқытуды көздейтін тиісті іс-шараларды қолға алуды ұсынды.

Нұрлан Әбдіров жастардың ұсынысын қолдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жолдауында ел азаматтары арасында саяси мәдениетті арттыру қажеттігіне баса назар аударғанын, ал электораттық мәдениет оның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын атап өтті.

Сондықтан Ортсайлауком бұл мәселеге ерекше назар аударады.

Кездесу барысында Ортсайлауком жастар арасындағы сайлау процесінің кейбір маңызды мәселелері бойынша онлайн-сауалнама жүргізді: сауалнамаға жауап берген жастардың 54,5%-ы компьютер, смартфон, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан, яғни электрондық әдіспен дауыс беру жүйесін енгізуді қолдайтынын білдірді.

Ал олардың 10,1%-ы сайлау учаскелерінде стационарлық электрондық әдіс арқылы дауыс беруді орынды деп санаса, 27,8%-ы аралас электрондық дауыс беруді (стационарлық және қашықтан) жөн деп санады.

Сондай-ақ, жастардың 7,6%-ы қағаз бюллетені бойынша, яғни дәстүрлі түрде дауыс беру әдісін қолдады.

Кездесу қорытындысы бойынша жастар өкілдері Ортсайлауком төрағасына сайлау процесінің өзекті мәселелері бойынша ашық диалог ұйымдастырып отырғаны үшін алғыс айтты.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы:

«Мен осы дәуірімізде баршаңызбен замандас екенімді, сонымен бірге өз елімізді, осындай қаламызды және саяси сауатты, белсенді әрі креативті жастарымызды әрдайым мақтан тұтамын» деп атап өтіп, жастарға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, осы күні Нұрлан Әбдіров IKOMEK 109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығында болып, call-орталықтың сайлау кезіндегі жұмысымен танысты.