Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 91,2 пайызы Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдайды

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 91,2 пайызы Елбасы өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдайды. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында «InfoSystem» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының басшысы Жанар Боқанова мәлім етті.

«Сауалнамаға қатысқан ел азаматтарының 91,2 пайызы Мемлекет басшысының Президенттік өкілеттігін ұзарту жөніндегі референдум өткізуді қолдайды. Ал басқаша көзқарас танытқандар респонденттердің 3,2 пайызы, ал бұл мәселеге бейтараптық танытқандар 4,8 пайызды құрады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 61,2 пайызы орталық телеарналардан, 50,4 пайызы жергілікті телеарналардан хабардар болған. Сондай-ақ интернет желісі мен басқа да бейресми ақпарат көздері арқылы референдум жайында естіп-білгендер сәйкесінше, 26,4 және 22,6 пайызды құрап отыр.

Айта кетейік, 2010 жылдың 25 желтоқсаны мен 2011 жылдың 17 қаңтары аралығында «InfoSystem» зерттеу орталығы Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси әл-ахуалының серпініне әлеуметтік зерттеулер өткізген болатын. Сауалнамаға еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Алматы, Астана қалаларынан 18-54 жас аралығындағы 1600 адам қатысты.