«Бір апта бойы өзекті тақырыпты барша қоғам талқылап жатыр. Бұл тұрғыда халқымыздың Мәжілістің кезектен тыс сайлауына көзқарасы қандай екенін білуге тиісті сұрақтарды қойдық. Осы орайда жалпыұлттық іріктеу бойынша телефон арқылы жасалған сұхбатқа 1200 респондент қатысты. Әлеуметтік сауалнама Астана, Алматы және барлық облыстарды қамтыды. Біріншіден, Парламент Мәжілісіне кезектен тыс сайлауды өткізу бойынша бастама қалай әсер етіп отырғандығы және қазақстандықтар осы бастаманы қалайша қолдап отырғандығы сұралды. Респонденттердің 93,6 пайызы бұл бастама уақытылы жасалды деп есептейді. Сонымен қатар 97,2 пайызы Елбасының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешімін қолдап отыр», - деді А. Сәдуақасова.
Оның сөзіне қарағанда, респондеттердің 95,4 пайызы Ұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін партиялар сайлаушылардың сенім мандатын алуы керек екенін алға тартуда.
Мұнымен қоса, сауалнамаға қатысқандардың 97,2 пайызы Мемлекет басшысының сауатты, іскер және елдің мүддесіне берілген кандидаттар ұсынылуы керек деген пікірін қолдауда.
«Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 96 пайызы кезектен тыс парламенттік сайлауды өткізу экономикалық мәселелерді шешуге ықпалын тигізеді деп пайымдап отыр», - деп түйді ол.