Арнайы жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - атқарушы директор Болат Палымбетов, республикалық және аймақтық газет, журналдардың бас редакторлары мен теле-радио саласының жетекші журналистері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің оқытушылары мен масс-медиа саласының басқа да сарапшылары қатысты. Еліміздің ақпарат саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салған мамандар қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі жай-күйі, оны әрі қарай дамыту үшін қандай қадамдар жасалуы керектігі жөніндегі өз ұсыныстарымен бөлісті. «Экономика және өнеркәсіп тақырыбына жазатын журналистердің біліктілігін арттыру жолдары» жөнінде баяндама жасаған «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп: Біздің ұлттық журналистиканың бір ерекшелігі - ағартушылық және мемлекетшілдік сипатында. Қазақстанда жүргізілген нарықтық рефор-малардың ең өткір, ең ауыр кезеңдерінде қазақ баспасөзі халыққа жұбату сөзін айта білді. Қиындықтан шығудың жолдарын ұсынды. Жанашыр болды. Тілекші болды. Соның арқасында 90-жылдардағы тауқы-меттерден ел аман-есен өтті. Әрине, экономика - қиын тақырып. Қиын болса да қызық тақырып. Өйткені ол - өндіріс, ол - өмірдің өзегі. Сондықтан да қазіргі қазақ журналистері оны қызықты да ұғынықты, қарапайым да көркем тілмен оқырманды соның қайнаған ортасында жүргендей баурап алып, еліміздің экономикалық жаңғыруына соны серпіліс әкелетіндей жаза білуі керек», - деп мемлекеттік кәсіпорындардың ұлттық баспа-сөзбен бірлесе жұмыс істеуге бет бұруы ақпараттық қауіпсіздіктің кепілі екенін баса айтты. Одан кейін сөз алған «Қазақстан» ҰТА бас директоры Қайнар Олжай «Қазақ тележурналистикасында экономика және өнеркәсіп тақырыбын кеңінен қозғаудың өзекті мәселелері» бойынша сөз қозғап, телеарналарда жаңалық сипатындағы қысқа хабарлар ғана болмаса, бұл тақырыптың жілігін шағып, елге егжей-тегжейлі түсіндіретін сауатты бағдарламалар жоқ, көбісі орыс тілінен сәтсіз аударылған өнім екенін ашына айтты. Ал қазақ тілінің қолданыс аясын кеңіту мен ақпарат алмасудағы аса маңызды бағыттардың бірі - қазақ интернетін дамыту және оның болашағы жайында www.abaі.kz .. қазақ сайтының үйлестірушісі Айдос Сарым ой бөлісті. «Дөңгелек үстелде» «Алаш айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жанболат, Атырауда жарық көретін халықаралық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов, «Шалқар» радиосының басшысы Көпен Әмірбек, сарапшы Расул Жұмалы және басқалар жиынға өзек болған - қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы экономика және өнеркәсіп тақырыбын жұртшылыққа толық жеткізу жолындағы негізгі түйіндерге тоқталып, өз ұсыныс-пікірлерін айтты.
Жиналғандар, бұл тұрғыда өндіріс саласындағы ақпараттың ашықтығы мен халыққа жеткiзiлуiнiң қол жетімділігінің төмен деңгейде екенін баса көрсетті. Тіпті, елімізде кейбір өндіріс ошақтарының жұмысы туралы халық үкімет мүшелерінің арнайы іссапарлары барысында, болмаса әлдебір қаржылық тексеру кезінде ғана құлағдар болады. Екіншіден, қазіргі күні өндіріс, экономика саласы туралы сауатты комментарий беретін маман да жоқтың қасы.
БАҚ басшылары мен сарапшы мамандардың айтуы бойынша осындай негізгі мәселермен танысып-білген «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - атқарушы директор Болат Палымбетов: - Әрине, бұл алғашқы кездесуде бәрі бірден шешілмейді. Әлі талай кездесеміз. Біз экономика, бизнес, соның ішінде мұнай-газ саласы туралы қазақ тіліндегі материалдардың сапасын тек бірлесіп қана жақсарта аламыз. Біз сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қарауға әзірміз. Ұлттық компания қоғам үшін қашан да ашық, - деді.