Сауатты жазылған оқулықтарды нашар оқулықтардың сапасымен қатар қоюды доғару керек - министр Б. Жұмағұлов

АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Біз жаңа буынды оқулықтарды шығардық, олардың дені - сапалы және жақсы құрастырылған. Сондықтан білікті авторларды және олардың еңбектерін басқалармен қатар қойып, олардың сапасыздығы жөнінде сөз қозғау дұрыс емес.

Кеше, 21 желтоқсан күні Астанада өткен Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сараптамасының нәтижелерін қарастыру жөніндегі республикалық кеңестің бірінші отырысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай айтты.

Министрдің айтуынша, бүгіндері Қазақстанда мүлдем жаңа әрі сапасы жоғары оқу материалының базасы қалыптасқан. Б. Жұмағұлов сауатты жазылған оқулықтарды Қазақстанда бар барлық оқулықтардың сапасымен қатар қоюды доғару керектігін айтты.

«Мен біздің оқулықтарда бар келеңсіз жайттарды қозғап отырмын. Мәселен, әріптік қателер, ұлттық қалыбымызға сай емес дүниелерді және объектілердің географиялық орналасуын бағамдамай сырттан материал енгізу, кітаптың сапасыздығына қатысты сындарды ары қарай санамалай беруге болады. Келісемін, бұның барлығы өкінішке орай ұшырасып жатыр. Алайда қызметін өте жақсы жасап жүрген тұтас авторлар мен баспагерлердің буынын сызып тастау адалдыққа жатпас. Оларға, керісінше, қолдау көрсетуге тиіспіз», - деп атап көрсетті ол.

Кеңес отырысында белгілі болғанындай, кеңес мүшелері 5 күн ішінде министрліктің талдауынан өткен 900-ден астам жаңадан басылған мектеп оқулықтарын қарастырады. Жалпы 1997-2007 жылдар аралығында Қазақстанның мектептік білім беру жүйесінде, 1-11 дейінгі сыныптар арасында қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде дайындалған 714 аталым оқулықтар мен 1717 аталым оқу-әдістемелік құралдар оқу процесіне енгізілген.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың оқулықтарды әзірлеу, сараптау және басып шығару жөніндегі жұмыстарды жүйелендіру мәселесі бойынша өткізген кеңеске оқу әдебиеттеріне сараптама жасайтын мамандар, еліміздің барлық өңірлерінен келген әдіскерлер мен педагогтар қатысты.