Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемендегі хуситтердің нысандарына операция жүргізді

АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемендегі хуситтердің әскери әлеуетін нығайтуға пайдаланылатын маңызды ресурстарды жою мақсатында әскери операция өткізді. Әсіресе баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктерін қолдайтын нысандарға басымдық берілген, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: Anadolu агенттігі

Коалиция өкілі Түрки әл-Маликидің мәлімдеуінше, операция жексенбі күні таңертең Йемен мен Сауд Арабиясындағы бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға хуситтер тарапынан жасалған шабуылдар жалғасқаннан кейін өткізілген.

Оның айтуынша, коалицияның біріккен күштер қолбасшылығы хуситтердің әскери әрекеттерін қолдау және жауынгерлік мүмкіндіктерін арттыру үшін маңызды ресурстарды тұрақты пайдаланып келе жатқанын бақылаған. Бұл, әсіресе, баллистикалық зымырандар мен дрондарға қатысты.

Әл-Малики хуситтердің шабуылдары бейбіт тұрғындардың өмірі мен азаматтық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретінін атап өтті.

Операцияның мақсаты – топтың қайталанған шабуылдар жасауына, Сауд Арабиясы мен Йеменнің, сондай-ақ Қызыл теңіздің оңтүстігіндегі кеме қатынасы жолдарының қауіпсіздігіне қатер төндіруіне мүмкіндік беретін ресурстарды залалсыздандыру.

Коалиция мәлімдемесінде шабуыл жасалған орындар мен залалсыздандырылған ресурстардың нақты түрі көрсетілмеген. Қаза тапқандар мен материалдық шығын туралы да ақпарат берілмеді. Хуситтер әзірге бұл мәлімдемеге түсініктеме жасаған жоқ.

5 қазаннан бастап Йемен үкіметінің күштері хуситтердің бақылауындағы мемлекеттік мекемелерді қайтарып, ел астанасы Сана қаласын қайта алу мақсатында «Йемен таңы» операциясын жүргізіп келеді.

БҰҰ есептеріне сәйкес, үкімет күштері мен хуситтер арасындағы әскери қақтығыс шілде айында қайта өршіп, мыңдаған адам қаза тауып, жараланған. 250 мыңнан астам тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болған.

Қақтығыстың күшеюі 2022 жылғы сәуірден бері сақталған салыстырмалы тыныштық кезеңін аяқтады. Ұрыс пен халықтың жаппай қоныс аударуына байланысты гуманитарлық дағдарыс та тереңдей түскен.

Йеменде хуситтер 2014 жылғы қыркүйекте ел астанасы Сана мен бірқатар провинцияны басып алғаннан бері соғыс жүріп жатыр. 2015 жылғы наурызда Сауд Арабиясы бастаған коалиция халықаралық деңгейде мойындалған үкіметті қолдау үшін қақтығысқа араласқан.

Еске сала кетспек, хуситтер Эр-Рияд әуежайына шабуыл жасап, салдарынан 12 адам қаза тауып, 300-ден астам адам жараланған еді.