Сауд Арабиясының Бас мүфтиі шейх Салех бин Фаузан әл-Фаузан шекарадағы әскерлерді және Әр-Рияд бастаған коалиция күштерін хуситтермен күресуге дайын болуға шақырды.
Мәлімдемені бейсенбі күні кешке Сауд баспа агенттігі жариялады.
— Осынау ұлы мемлекетті қорғау, оның шекараларын күзету, агрессияны тойтару және оның аумағына бір қарыс сұғынып кіруге тырысқан кез келген адамды жазалау — ұлы міндет әрі жан пида етуге тұрарлық ең құрметті істердің бірі, — делінген мәлімдемеде.
Мүфти әскерилерді дайын тұруға, билік пен дала командирлерінің бұйрықтарына бағынуға және табандылық пен қырағылық көрсетуге шақырды.
Ол Йеменнің бүкіл аумағында елдің Әр-Рияд қолдайтын, халықаралық деңгейде мойындалған үкіметінің билігін қалпына келтіруді кезек күттірмейтін міндеттің бірі деп атады.
Бұл мәлімдеме Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы жағдай жаңа ушыққан тұста жасалып отыр. Бейсенбі күні Әр-Рияд бастаған коалиция Сауд Арабиясының Таиф және Янбу қалаларына атылған алты баллистикалық зымыранды жойғанын хабарлады.
Кейінірек Йемен хуситтерінің «Аңсар Аллах» қозғалысы Сауд Арабиясының бірнеше әскери нысанына шабуыл жасағанын мойындады. Хуситтер шабуылдар Джизан провинциясының Әл-Тувал аймағындағы нысандарды, сондай-ақ Әл-Дагарир әскери лагеріндегі зымыран ұшыру қондырғыларын нысанаға алғанын мәлімдеді. Сауд тарапы бұл ақпаратты растаған жоқ.
Сонымен қатар, Йемен үкіметінің өкілі Моха және Таиз аудандарындағы хуситтердің позицияларына бірнеше шабуыл жасалғанын хабарлады. Операцияның егжей-тегжейі, құрбандар саны туралы мәліметтер жарияланбады.
Кувейт пен Бахрейн сыртқы істер министрліктері Сауд Арабиясына жасалған зымыран шабуылдарын айыптады. Парсы шығанағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Джасем Мохамед әл-Будайви Әр-Рияд өз аумағын қорғау үшін іске асыруы мүмкін шараларды толық қолдайтынын білдірді.
Соңғы апталарда хуситтер Сауд Арабиясына бірнеше мәрте зымыранмен және дронмен шабуыл жасады, ал Сауд Арабиясы Йемен аумағына әуеден соққы берді. Жағдайға байланысты Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістан шұғыл әскери келіссөз өткізеді.