Конференция 2027 жылғы қажылық маусымына дайындық алаңына айналады. Қатысушылар ұйымдастыру және операциялық мәселелерді, келісімшарт жасасуды, серіктестікті дамытуды және қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған шешімдерді енгізуді талқылайды.
Бағдарлама 15-тен астам тақырыптық бағыт пен іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында Қажылық мәселелері жөніндегі кеңес және алғаш рет өткізілетін ақпараттандыру мен оқыту форумы бар.
Сонымен қатар семинарлар, хакатон, кәсіпкерлік пен инновациялар аймағы, бизнес-орталық және технология, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары мен авиацияға арналған арнайы алаңдар ұйымдастырылады.
Конференциямен қатар 67 мың шаршы метрден астам аумақта көрме өтеді. Онда 150-ден астам елдің компаниялары өз қызметтері мен шешімдерін таныстырады.
Көрме авиация, көлік, қонақүй бизнесі, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, технология, инвестиция және қажылықты ұйымдастыруға қатысты басқа да салалардың өкілдерін біріктіреді.
Алдыңғы конференция мен көрмеге 150-ден астам елден 204 мыңнан астам адам келіп, 270 көрме қатысушысы тіркелген. Іс-шара аясында 134 арнайы сессия мен семинар өткізіліп, 2 600-ден астам адам оқыту бағдарламаларына қатысқан.
Бұған дейін Сауд Арабиясы умра жасауға арналған көп мәртелік виза енгізгені хабарланған болатын.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылықты ұйымдастыру үшін төрт туроператорды іріктеп алғаны туралы жазған едік.