Сауд Арабиясы Мекке маңында хуситтердің дронын қағып түсіргенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы мен Йемендегі хуситтер арасындағы жағдай жаңа әуе шабуылдарынан кейін ушығып, тараптар бір-біріне өзара айып тағып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com/ @MoHU_En

Сауд Арабиясының әуе қорғанысы Меккенің оңтүстігінде дронды қағып түсірді. Ол Мекке аумағына кіруге тыйым салынған әуе кеңістігіне жетпей жойылған. Бұл туралы сейсенбі күні кешке Эр-Рияд бастаған Йемендегі әскери коалицияның өкілі Турки әл-Малики мәлімдеді.

Оның айтуынша, дронды хуситтер ұшырған. Бұл — олардың Меккеге жасаған екінші шабуылы. Бұған дейін 2017 жылғы шілдеде хуситтер қалаға баллистикалық зымыран ұшырған еді. Сейсенбіде Сауд Арабиясының билігі Мекке тұрғындарына қауіп туралы ескерту жариялады.

Әл-Малики ислам дініндегі екі қасиетті мекен мен қажылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруге жол берілмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, коалиция мұндай шабуылдардың алдын алып, олардың қайталанбауы үшін қажетті шараларды қабылдауға дайын.

Хуситтер Меккеге шабуыл жасауға әрекеттенді деген айыпты жоққа шығарды. Қозғалыстың саяси бюро мүшесі Мұхаммед әл-Фарах хуситтер бақылауындағы SABA агенттігіне берген түсініктемесінде бұл айыптауларды жалған деп атады. Ал саяси бюроның тағы бір мүшесі Хизам әл-Асад Эр-Рияд бұл мәлімдемелер арқылы қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысып отыр деп мәлімдеді.

Бұл оқиға хуситтер соңғы аптада Сауд Арабиясына бірқатар шабуыл жасағанын жариялағаннан кейін болды.

Дүйсенбіде хуситтер Хамис-Мушайттағы король Халид атындағы әуе базасына соққы жасағанын хабарлады. Олардың мәлімдеуінше, бұл Сауд Арабиясының Йеменге жасаған әуе шабуылдарына қарымта соққы болған. Коалицияның мәлімдеуінше, шабуылдан 13 бейбіт тұрғын зардап шеккен.

Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сари Сауд Арабиясы авиациясы соңғы аптада Йеменнің жеті провинциясына 450-ден астам соққы жасағанын айтты. Оның мәлімдеуінше, шабуылдан бейбіт тұрғындар да қаза болған. Алайда Сари қаза тапқандардың санын нақтыламады.

Қақтығыстардың қайта басталуы Қызыл теңіздегі кеме қатынасына төнетін қауіптің күшеюіне әкелді. Соңғы күндері хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы маңындағы Йеменнің батыс жағалауының бір бөлігін бақылауына алды. Аталған бұғаз арқылы Ормуз бұғазын айналып өтетін Сауд Арабиясының мұнайы тасымалданады.

Өткен аптадағы шабуылдардан кейін Сауд Арабиясының «Шығыс — Батыс» мұнай құбырының жұмысын тоқтатуы мұнай экспортына қосымша қысым түсірді. Бұл жеке шабуылға Эр-Рияд Иранды қолдайтын Ирактағы қарулы топты жауапты деп таныды.

АҚШ энергетика министрі Крис Райт 15 қыркүйекте CNBC-ге берген сұхбатында мұнай құбыры арқылы тасымалдау бірнеше күн ішінде қайта басталуға тиіс екенін мәлімдеді.

Сауд Арабиясының билігі әзірге құбырдың жұмысы қашан қалпына келетінін айтқан жоқ. Нарық қатысушыларының бағалауынша, мұнай тасымалының бұл бағыты көп уақытқа тоқтаса, әлемдік мұнай жеткізілімі 4%-ға дейін қысқаруы мүмкін.

Бұған дейін Хуситтер Сауд Арабиясындағы әуе базасына шабуыл жасағанын мәлімдегенін хабарлаған болатынбыз.

 

Ақзат Жиеналина