Сауд Арабиясы мен хуситтер Иранның бітімге келу жөніндегі үндеуіне жауап бермеді

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы мен Йемендегі хуситтер арасындағы қақтығысты реттеуге бағытталған дипломатиялық келіссөздер әзірге нәтиже бермеді. Бұл ретте аймақтағы әскери шиеленіс әлі де өршіп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: t.me/s_a_araghchi

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің мәлімдеуінше, Тегеранның Сауд Арабиясы мен Йемен хуситтеріне әскери қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді ұйымдастыруға қатысты ұсынысы әзірге жауапсыз қалып отыр.

Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі сейсенбі күні Ирактың «Әл-Эхбария» телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Арагчидің сөзінше, Иран Сауд Арабиясына хуситтер тарапынан жасалған зымыран және дрон шабуылдарынан кейін шиеленіскен жағдайды әлі де келіссөздер арқылы шешуді қолдайды.

Сұхбат барысында Иран министрі Мысырдың Эр-Риядты қолдап, әскери қимылдарға араласу мүмкіндігіне де тоқталып, қақтығыстың одан әрі өршу қаупі бар екенін ескертті.

— Сыртқы күштердің араласуы жағдайды одан әрі шиеленістіреді, — деді Арагчи.

Сонымен қатар ол Мысыр тарапы бұған дейін Йемендегі қақтығысқа тікелей араласу ниеті жоқ екенін Тегеранға жеткізгенін айтты.

Бұл мәлімдеме Мысырда Сауд Арабиясын хуситтердің шабуылынан қорғау үшін әскери күш пен техника жіберу мәселесі талқыланып жатқан тұста жасалды. Бұған дейін президент Әбдел Фаттах әс-Сисидің төрағалығымен өткен Мысырдың Ұлттық қорғаныс кеңесі Эр-Риядтың қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін қажетті қолдау көрсетуге келіскен. 

Мысыр парламентінде Сауд Арабиясына әскери көмек көрсету мәселесі бойынша дауыс беру 26 қазанға шегерілді.

Тегеран Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы келіссөздерді ұйымдастыру туралы ұсынысын 11 қазанда екі елдің сыртқы істер министрлері телефонмен сөйлескен кезде жеткізді. Сол кезде Аббас Арагчи саудиялық әріптесі Фейсал бин Фарханды әскери шиеленісті күшейтпей, саяси шешім іздеуге шақырды.

Сондай-ақ Тегеранның Эр-Рияд пен Йемен өкілдері арасында тікелей диалог орнатуға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Бұдан бөлек Тегеран хуситтерге қаржылай қолдау көрсеткенімен, Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарады.

Иранның бұл ұсынысы хуситтердің Сауд Арабиясының инфрақұрылымына жасаған ауқымды шабуылдарынан кейін айтылды. 

Бұған дейін Йеменде хуситтердің шабуылынан 58 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.