Сауд Арабиясы мұнайды Қызыл теңіз арқылы тасымалдауды қайта бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Ормуз бұғазын айналып өтетін «Шығыс–Батыс» мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдауды қайта бастады, деп хабарлайды ТАСС .

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясы шетел нарықтарына жөнелту үшін мұнай жөнелтуді бастаған. Әзірге қара алтын шектеулі көлемде тасымалданып жатыр.

Құбырдың жұмысы қайта жанданғаннан кейін Сауд Арабиясы Шығыс провинциясындағы мұнай кен орындарынан Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портына дейінгі бағытты пайдалана алады. Бұл бағыт Ормуз бұғазын айналып өтуге мүмкіндік береді.

Ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырым болатын мұнай құбыры тәулігіне 7 млн баррельге дейін мұнай тасымалдауға есептелген.

Бұған дейін бұл мұнай құбырына Йемендегі «Ансар Аллах» қозғалысы (хуситтер) шабуыл жасаған болатын.

Еске сала кетейік, Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізудің іркілуі әлемдік мұнай нарығындағы тәуекелдерді күшейтіп, баға динамикасына әсер етті.

Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық тараптың Ормуз бұғазы арқылы рекордтық көлемде мұнай шығарғанын мәлімдеді.