Сауд Арабиясы Нетаньяхудың палестиналықтарды көшіру туралы ұсынысын айыптады
АСТАНА. KAZINFORM – Эр-Рияд пен аймақ елдері Израиль премьер-министрінің Сауд Арабиясы аумағында Палестина мемлекетін құру мүмкіндігі туралы «әзілін» жақтырмай қалды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Еске сала кетсек, Сауд Арабиясы Газа секторынан палестиналықтарды ығыстыруға бағытталған кез келген әрекеттен бас тартатынын атап өтіп, Палестина мемлекеті құрылмай Израильмен қатынас орнатпайтынын ашық білдірді.
Араб әлемі айыптап отыр
Нетаньяхудың сөздері араб мемлекеттерінің наразылығын тудырды.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі жексенбі күні палестиналықтарды Газадан шығару туралы кез келген мәлімдемені үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге, Сауд Арабиясының мәлімдемесінде премьер-министрдің Сауд Арабиясы аумағында Палестина мемлекетін құру туралы түсініктемелеріне тікелей сілтеме жоқ.
- Израильдің экстремистік, оккупациялық менталитеті Палестина жерінің бауырлас Палестина халқы үшін нені білдіретінін және оның осы жермен эмоционалды, тарихи және құқықтық байланысын түсінуге кедергі жасайды, - делінген мәлімдемеде.
Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) да Израиль премьер-министрінің сөздерін сынға алып, бұл сөздердің шындықтан мүлдем алшақ жатқанын мәлімдеді.
Ол жақында БАҚ-қа берген сұхбатында Нетаньяху айтқан идеялар «қиял немесе иллюзиядан басқа ештеңе емес» деп атап өтті.
Катар мемлекеті де премьер-министр Биньямин Нетаньяхуның мәлімдемесін айыптап, оны «арандатушылық» деп сипаттады.
Иордания СІМ Сауд Арабиясы аумағында Плаестина мемлекетін құру туралы мәлімдемесін айыптап, бұны халықаралық құқықты өрескел бұзатын арандату әрекеті деді.
Ведомство өкілі Суфьян Куда Израиль үкіметі арандатушылық саясатын жалғастырып, мемлекеттің егемендігі мен халықаралық құқыққа нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасап жатқанын баса айтты.
Газадағы палестиналықтардың тағдыры туралы пікірталастар президент Дональд Трамптың өткен аптада АҚШ Израильден «Газаны тартып алады» және палестиналықтарды басқа жерге қоныстандыру арқылы «Таяу Шығыстың Ривьерасын» жасайды деген таңқаларлық ұсынысының көлеңкесінде қалды.
Араб мемлекеттері Трамптың Газадағы соғыста атысты тоқтату кезінде айтқан сөздерін қатаң айыптады.
Трамп сонымен қатар Сауд Арабиясы Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтірудің шарты ретінде Палестина мемлекетін құруды талап етпейтінін мәлімдеді. Бірақ Эр-Рияд оның мәлімдемесін қабылдамай, өзінің ұстанымын «АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі мен қазіргі әкімшілігіне жеткізгенін» баса айтты. Онда Палестина мемлекетін құрмайынша Израильмен қарым-қатынастың қалыпқа келмейтіні айтылған.
Осыған дейін Мысыр мен Иордания палестиналықтарды қоныстандыруға қарсы екені туралы жаздық.