Сауд Арабиясы сейсенбі күні «Шығыс – Батыс» мұнай құбырын қайта іске қосты. Сол күні Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портынан мұнай жөнелту басталуы мүмкін. Бұл туралы Reuters жағдайдан хабардар үш дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттіктің екі дереккөзі атап өткендей, құбыр іске қосылғаннан кейін мұнай әзірге төмен жылдамдықпен айдалып жатыр. Saudi Aramco мұнай тасымалдау көлемін біртіндеп тәулігіне 4 млн баррельге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда мұнай құбырының жұмысын толық қалпына келтіру бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Компания бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Мұнай айдаудың қайта басталуы Saudi Aramco-ның Қызыл теңіз жағалауындағы мұнай өңдеу кәсіпорындарына шикізат жеткізуді қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алғашқы танкерді сейсенбі күні Янбу портында тиеу жоспарланып отыр. Одан кейін кеме Қытайға бағыт алады.
Саудагерлер де Қызыл теңіз арқылы Сауд Арабиясының мұнай экспортын қайта бастағаннан кейін кемеден кемеге мұнай ауыстырып тиеу үшін танкерлерді Мысырдың Порт-Саид және Сиди-Крир порттарына бағыттай бастады.
Бұған дейін Bloomberg пен The Wall Street Journal мұнай құбыры операторы ұзындығы шамамен 1,2 мың шақырым болатын құбырдың беріктігі мен қысымға төзімділігін тексергенін хабарлаған еді. Сынақтар Янбу портынан мұнай айдау мен жөнелтуді қайта бастар алдында жүргізілген.
Еске сала кетейік, «Шығыс – Батыс» мұнай құбыры 13 қыркүйекте болған дрон шабуылдарынан кейін тоқтатылған еді. Соның салдарынан Янбу портында мұнай тиеу жұмыстары тоқтады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы аясында Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы қысқарғаннан кейін бұл бағыттың маңызы ерекше артты.
Құбыр тоқтатылғанға дейін Янбу портына тәулігіне шамамен 4 млн баррель мұнай жеткізілген. Бұл әлемдік мұнай ұсынысының шамамен 4%-ына тең.
Мұнай жеткізудің қайта басталуы әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуін күшейтті. Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы барреліне 2 доллардан астам арзандап, 8 қыркүйектен бергі ең төмен деңгейге жетті.