Сауд Арабиясында құрамында ураны бар 110 млн тонна кен анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Корольдік тау-кен өнеркәсібін және азаматтық атом энергетикасын дамыту аясында минералдық ресурстарды зерттеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: МАГАТЭ

Сауд Арабиясының шығысындағы Мәдина аймағында құрамында ураны бар 110 млн тонна шикізат анықталды. Бұл туралы дүйсенбі күні Венада өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас конференциясында Сауд Арабиясының Энергетика министрі ханзада Абдулазиз бин Салман мәлімдеді.

Аталған көлем құрамында ураны бар кенге қатысты. Бұл ретте уранның нақты мөлшері мен оның нақты концентрациясы туралы ақпарат жарияланбаған.

Министрдің айтуынша, Жабаль-Саид учаскесінде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары сирек жер элементтерінің, әсіресе ауыр элементтердің жоғары концентрациясын, сондай-ақ уранның болашағы зор мөлшерін анықтаған.

— Бұл жобаны қазіргі таңда әлемде игеріліп жатқан сирек жер минералдық ресурстарының ең маңызды нысандарының қатарына қосады, — деді Абдулазиз бин Салман.

Корольдік минералдық шикізатты игеру бойынша өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық әріптестікті дамытуға ниетті. Атап айтқанда, Сауд Арабиясының «Мааден» компаниясы мен америкалық «Эм-Пи Материалс» компаниясы сирек жер элементтерін өңдеу және бөлу, сондай-ақ уранды ілеспе түрде өндіру бағытында ынтымақтастық туралы уағдаласты.

Сауд Арабиясы шөгінді жыныстарды геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында қосымша уран ресурстарын іздеуді де жалғастырып жатыр.

Бұл жаңалық АҚШ пен Сауд Арабиясы арасында азаматтық атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы шілде айында келісімге қол қойылғаннан кейін жарияланды.

Құжат 30 жылға есептелген және Эр-Рияд пен Вашингтон арасындағы осы саладағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуды көздейді.

Тараптар Сауд Арабиясына америкалық ядролық технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік беріп, АҚШ компанияларының Сауд Арабиясының атом энергетикасындағы ірі жобаларға қатысуына жол ашатын келісімнің талаптарын бірнеше жыл бойы талқылаған.

«Уолл-стрит джорнал» газетінің хабарлауынша, уағдаластықтардың бір тармағында америкалық компаниялардың Сауд Арабиясында уран байыту кәсіпорнын салу мүмкіндігін зерттеу қарастырылған.

Бірнеше күн бұрын Сауд Арабиясы шабуылдардан кейін «Шығыс-Батыс» мұнай құбырының жұмысын тоқтатты. 

Айта кетелік Сауд Арабиясындағы мұнай құбырының тоқтауы әлемдік мұнай көлемінің 4%-ына қауіп төндірген еді