Сауд Арабиясында су тасқыны салдарынан сабақтар тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясында нөсер жауын мен су тасқынына байланысты оқу орындарында сабақтар тоқтатылды, деп хабарлайды Анадолы.
Сауд Арабиясының астанасы — Эр-Рияд қаласында, сондай-ақ елдің бірқатар өңірінде нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылды. Бұл туралы Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығы америкалық Х әлеуметтік желісінде хабарлады.
Мәліметке сәйкес, ел астанасында жауып жатқан жаңбыр таңға дейін жалғасады, содан кейін біртіндеп бәсеңдейді деп күтілуде. Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда Эр-Риядтың түрлі аудандарында су тасқыны мен нөсердің болғаны көрінеді.
Азаматтық қорғаныс басқармасы Эр-Риядта және елдің шығыс аймақтарының кейбірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарды сақ болуға және ресми қауіпсіздік нұсқауларын сақтауға шақырды.
Сауд Арабиясының мемлекеттік «Аль-Ихбария» телеарнасы жексенбі, 12 сәуір күні ел бойынша көптеген мектептер мен университеттерде сабақтардың тоқтатылғанын растады.
Бұған дейін Ұлттық метеорология орталығы елдің басым бөлігінде сейсенбіге дейін орташа, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады деп болжаған.