Сауд Арабиясындағы аңшылық көрмесінде 5 мыңнан астам өнім таныстырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясында өтетін халықаралық сұңқаршылық және аңшылық көрмесінде қару-жарақ, оқ-дәрі және аңшылыққа арналған керек-жарақтардың 5 мыңнан астам түрі таныстырылады.

Фото: Сауд Арабиясындағы Сұңқарлар ұлттық орталығы

Сауд Арабиясының Сұңқарлар ұлттық орталығы ұйымдастыратын көрме 1-10 қазан аралығында Эр-Рияд қаласының солтүстігіндегі Мальхам ауданында орналасқан Эр-Рияд көрме және конгресс орталығында өтеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл көрмеге аңшылық және спорттық атыс қаруына маманданған 11 компания қатысады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 37,5 пайызға көп. Сонымен қатар пневматикалық қару өндіретін 4 компания және жабдықтар мен керек-жарақ жеткізетін 9 компания өнімдерін ұсынады.

Фото: Сауд Арабиясындағы Сұңқарлар ұлттық орталығы

Көрме аясында аңшылық пен спорттық атысқа арналған қару-жарақ, оқ-дәрі, пневматикалық қару, қауіпсіздік құралдары, жеке қорғаныс жабдықтары, қаруды сақтау, тазалау және техникалық қызмет көрсетуге арналған құралдар көрсетіледі.
Шараға әлемнің жетекші компанияларына тиесілі 181-ден астам халықаралық бренд қатысады. Ұйымдастырушылар бұл жергілікті және шетелдік компанияларға аңшылық пен спорттық атыс әуесқойларымен байланыс орнатып, өнімдерін таныстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Фото: Сауд Арабиясындағы Сұңқарлар ұлттық орталығы

«Баршаға арналған тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық көрме сұңқаршылық пен аңшылықтан бөлек, табиғат аясындағы демалыс және шытырман оқиғалы туризм бағыттарын да қамтиды.

Көрме Сауд Арабиясы мен шетелден келген сала мамандарын, компания өкілдерін және әуесқойларды бір алаңға жинайды.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында 2026–2027 жылғы аңшылық маусымының мерзімдері жарияланды.