Сауд Арабиясының өкілі Араб парламентінің төрағасы болып сайланды

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Консультативтік кеңесінің мүшесі Саад әл-Утейби Араб парламентінің төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Анадолы.

Фото: Анадолы

Араб парламентінің мәлімдеуінше, жаңа басшылықты сайлау отырысы Каир қаласындағы Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшылығының штаб-пәтерінде өтті.

Саад әл-Утейби бұл қызметте 2024 жылғы қазаннан бері төраға болған Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілі Мұхаммед бин Ахмед әл-Ямахиді алмастырды.

Сайлаудан кейін сөз сөйлеген әл-Утейби өзіне жүктелген жауапкершілікті үлкен мәртебе санайтынын айтты. Оның сөзінше, бұл Сауд Арабиясының жоғары мәртебесін, аймақтағы ықпалы мен араб елдерінің ортақ ісін нығайтудағы көпжылдық рөлін көрсетеді.

Ол өзінен бұрынғы төрағаға атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, қол жеткізілген нәтижелерді жалғастыруға, Араб парламентінің беделін нығайтып, араб әлемі үшін маңызды мәселелерді шешудегі тиімділігін арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Әл-Утейбидің айтуынша, араб елдерінің бірлескен жұмысы қажеттілік туындағанда ғана қолданылатын тәсіл болудан қалып, араб әлемінің қауіпсіздігін нығайтуға, мүдделерін қорғауға және ортақ ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік беретін тұрақты әрі маңызды тетікке айналған.

Ол араб әлемінің басты мәселесі болып отырған Палестина мәселесі парламент күн тәртібіндегі басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.

Оның сөзінше, парламент Палестина халқының заңды құқықтарын, әсіресе астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз Палестина мемлекетін құру құқығын қорғауды жалғастырады.

Әл-Утейби бұл құқықтар халықаралық құқық нормаларына сәйкес қабылданған қарарлар мен Араб бейбітшілік бастамасы негізінде қамтамасыз етілуге тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ ол Араб парламентіне араб әлемінің үміті мен сұранысына жауап беру үшін жаңартылған көзқарас пен тиімдірек жұмыс тетіктері қажет екенін жеткізді.

Араб парламентінің регламентіне сәйкес, төраға екі жыл мерзімге сайланады. Оны тек бір рет қайта сайлауға болады.

Араб парламенті туралы

Араб парламенті Араб мемлекеттері лигасының институты ретінде жұмыс істейді. Оны құру туралы шешім 2001 жылы Амманда өткен Араб мемлекеттері лигасының саммитінде қабылданды.

Парламентті құру туралы қаулы 2005 жылы қабылданып, 2012 жылғы наурызда Бағдадта өткен саммитте оған тұрақты мәртебе берілді.

Араб парламентінің алғашқы тұрақты отырысы 2012 жылғы 12 желтоқсанда өтті. Ұйымның штаб-пәтері Каир қаласында орналасқан.

Бұған дейін Сауд Арабиясының хуситтермен қақтығысынан соң мұнай бағасы өскенін жазғанбыз.