Сауд Арабиясының тақ мұрагері қан донорлығына арналған ұлттық науқанды бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Абдулазиз Әл Сауд қан тапсырып, 2026 жылға арналған жыл сайынғы ұлттық қан донорлығы науқанын бастады, деп хабарлайды Saudi Press Agency .

Фото: Kazinform

Тақ мұрагері қан тапсыру арқылы ерікті донорлықтың және әлеуметтік жауапкершіліктің маңызын атап өтіп, қайырымдылық пен волонтерлік мәдениетін дамытуға бағытталған ұлттық бастамаларды қолдады.

Науқан халық арасында тұрақты түрде ерікті қан тапсырудың маңызы туралы ақпараттандыруды арттыруды, азаматтардың донорлыққа қатысуын кеңейтуді және Корольдіктің медициналық мекемелерінде қан мен оның компоненттерінің тұрақты қорын қамтамасыз етуді көздейді.

Донор қаны шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарға, сондай-ақ онкологиялық және гематологиялық аурулардан ем алып жатқан және жағдайы ауыр адамдарға қажет.

SPA мәліметінше, 2025 жылы ерікті донорлар санын арттыру және ұлттық қан қорын толықтыру мақсатында жүргізілген жұмыстар аясында 900 мыңнан астам адам қан тапсырған.

Қан донорлығына арналған жыл сайынғы ұлттық науқанды тақ мұрагері алғаш рет 2025 жылы бастаған. Науқан аясында донорлар саны төрт есе артып, 65 мыңнан асты. Бұл Корольдік қан банктері тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Ерікті донорлардың үлесі 100 пайызға жетсе, қатысушылардың 85 пайыздан астамы алғаш рет қан тапсырған.

Науқан нәтижесінде донорлық қан 63 мыңнан астам науқасқа берілді. Сонымен қатар шамамен 10 мың адам тромбоцит, тағы 10 мыңға жуық адам қан плазмасын алды.

2026 жылғы науқан ерікті донорлықты одан әрі дамытуға және Сауд Арабиясының денсаулық сақтау жүйесін қан мен оның компоненттерінің қауіпсіз әрі тұрақты қорын қамтамасыз ету ісінде қолдауға бағытталған.

Бұған дейін бір донор жылына қанша рет қан тапсыра алатыны туралы жазған болатынбыз.