Сауд Арабиясы аймақтағы ең жомарт елге айналып отыр

АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы дамушы елдерге қаражат аударуда араб елдері арасында бірінші орынға, ал бүкіл әлем бойынша үшінші орынға табан тіреген. Бүкіләлемдік банктің мәліметіне қарағанда, аударылатын қаражаттың мөлшері жыл соңында 28,4 млрд долларға жетеді. Бұл туралы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайты muslim.kz жазады.

«Western Union» компаниясының дерегіне сүйенсек, осы елде жұмыс істейтін шетелдіктер 4 жылдың ішінде алыстағы үйлеріне 112 млрд доллар аударса, оның 25 пайызын Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріне жөнелткен. Дүниежүзілік банктің зерттеуі көрсеткендей, 2000-2010 жылдар аралығында шетелдік жұмысшылар Сауд Арабиясынан 194 млрд доллар әкеткен, ал үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде бұл көрсеткіш 26,6 млрд долларға жеткен.   Қазіргі уақытта (2000-2010 ж.) бұл көрсеткіш 182 пайызға артқанын айта кету керек. Сауд Арабиясында жұмыс істейтін шетелдіктердің саны 8 млн адамды құрайды, оның 6 миллионы жеке секторда еңбек етеді.

Шетелдік жұмысшылардың аударған қаражаты жеке сектордың ақша айналымының 18 пайызын құрап отыр. Банктің есептеуінше, әлемдік деңгейде аударылатын қаражаттың мөлшері 2012 жылы 406 млрд долларға жетеді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға өскенін көрсетеді. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш кем дегенде 10 пайызға артып келеді, 2015 жылы 534 млрд долларға жетеді.