Сауд Арабиясы Қазақстаннан ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдау мәселесіне қызығушылық танытуда

None
АСТАНА. 5 мамыр. ҚазАқпарат - Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев Сауд Арабиясының Индустрия және сауда министрі Абдалла Ахмед Зейнал Алирезамен кездесу өткізді,

деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.

Көлік ведомствосының басшысы Б.Камалиев министрлік қызметінің басты бағыттары туралы қысқаша ақпарат берді. Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырысы бойынша Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, іске асырылуда. Бұл бағдарламада көлік саласын дамытуға айрықша назар аударылған.

Мемлекеттің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында министрлік автомобиль және темір жолдары саласында ірі жобаларды жүзеге асыруда. «Қорғас - Жетіген» темір жолы Қытайға екінші өткізу пунктін ашады, сондай-ақ Азия - Еуропа бағытындағы қашықтықты 500 км қысқартады. Ал «Солтүстік - Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі құрамына енетін «Өзен - Түрікменстан шекарасы» темір жолы Парсы шығанағы, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттеріне жүкті тасымалдау маршруттарын жеңілдетуге және тасымалдау қашықтығын 600 шақырымнан артық қысқартуға мүмкіндік береді.

Автожол саласында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега-жобасы іске асырылуда. Бұл дәліз теңіз жолына қарағанда автокөлік арқылы Қытайдан Еуропаға дейін жүкті тасымалдау мерзімін 3,5 есе қысқартуға жағдай жасайды.

Мемлекетімізде сауда, көп функционалды және көліктік логистикалық орталықтар белсенді түрде қалыптасуда. Қытаймен бірігіп шекарада жасалып жатқан «Хоргос - Шығыс қақпалары» арнайы экономикалық аймағы осы саладағы алғашқы ірі жоба болып табылады. Бұл арнайы экономикалық аймақ көліктік-логистикалық кешен ретінде «құрғақ порт» қағидасы бойынша жұмыс істейтін болады. Қазіргі кезде «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы өз жұмысын бастап кеткен. Алдағы уақытта аталған арнайы экономикалық аймақ «транзиттік көпір» ретінде Азия мен Еуропаны жалғастырушы ең ірі сауда-логистикалық арқауға айналады. Министр Сауд Арабиясы тарапына Парсы шығанағы бағытында жүкті тасымалдауды қалыптастыру мақсатында Қорғастағы терминалдар құрылысына қатысуды ұсынды.

Қазақстан ынтымақтасуға дайын және шетел инвестицияларын тарту саласында ашық саясатты ұстануда. Қазіргі таңда Қазақстанның көлік саласында шетел компаниялары үшін, оның ішінде мемлекеттік-жеке әріптестік шеңберінде оңтайлы жағдайлар жасалған. Сондай-ақ министр концессиялық негізде Қазақстандағы бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсене қатысуға шақырды. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы арасында тікелей авиарейсті ашу жайын көтерді.

Сауд Арабиясының Индустрия және сауда министрі Абдалла Ахмед Зейнал Алиреза өз сөзінде, Сауд Арабиясы тарапы екі мемлекет арасындағы тікелей авиарейсті ашу мәселесін нақты қарастыруға әзір екендігін айтты. Сауд Арабиясы үшін Корольдің «Азық-түлік қауіпсіздігі» бағдарламасын іске асыру маңызды болып табылады. Осыған орай, араб мемлекеті Қазақстаннан бидайды және басқа да ауылшаруашылық өнімдерін импорттау мәселесі бойынша ерекше мүдделілік танытып отыр.

Кездесудің қорытындылай келе, министр Б.Камалиев Қазақстан ағымдағы жылы Өзен - Түрікменстан шекарасы жаңа темір жол құрылысын аяқтайтындығын, яғни, алдағы уақытта бұл халықаралық темір жолын Қазақстан, Түрікменстан және Иран елдері іске қосқанда Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік ашылатынын атап өтті. Ал бұл өз кезегінде, Қазақстаннан Сауд Арабиясына тасымалдау көзін ашады. Кездесу соңында министр бұл сұхбаттың екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға септесетіндігін айтты.

4 мамырда өткен бұл кездесуге Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Лама Шариф қатысты.